Спорттық туризм
«Туризмді дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты - халықты еңбекпен қамту үшін бәсекеге қабілетті туристік индустрияны құру, сырттан келушілер және ішкі туризм көлемінің арту есебінен ел кірісінің тұрақты түрде өсуін қамтамасыз ету болып табылады. Аталған бағдарламаның алғашқы екі жылдық нәтижесінде ішкі туризм бойынша туристік ағынның көлемі және туризм индустриясы инфрақұрылымы объектілерінің саны өскенін айта кеткім келеді. Статистика агенттігінің мәліметтеріне сай, 2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы ішкі туризм көлемі 4,3 пайызға өсіп 4,3 миллион адамды құрады. Өткен жылдың нәтижелері бойынша сыртқа шығушы туристер саны 15,3 пайызға артып, бұл көрсеткіш 5,2 миллион туристі құрады.
Сонымен қатар әлемдік қаржы дағдарысы сырттан келушілердің қатарын азайтып, оның көлемі 11 пайызға дейін төмендеп отыр»,- деді министр. (2007 жылы 5,3 миллион турист, 2008 жылы 4,7 миллион турист). Алайда, бұл жағдай туристік салаға тұтастай әсер еткен жоқ: - туристік қызмет көрсетудің жалпы көлемі 2007 жылғы 54 миллиард теңгеден 2008 жылы 66 миллиард теңгеге дейін, яғни 23 пайызға өсті; - туристік субъектілердің саны 2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы 326 бірлікке артты; - туристерді орналастыру орындары 1100-ден артып, көрсеткен қызмет көлемі 47,5 миллиард теңгеге жетті. Орналастыру объектілерінде бір мезгілдегі сыйымдылығы 64 мыңнан астам орынды құрайтын 29 мың нөмір бар. Туризм объектілерін дамытудағы инвестициялар көлемі 2007 жылғы 97 миллиард теңгеден 2008 жылы 129 миллиард теңгеден астам, яғни 34 пайызға өскен.
Сонымен қатар өткен жылы туристік қызметпен айналысатын 1163 туристік фирма және 64 жеке кәсіпкер туризмнің барлық түрінен 14 миллион туристке қызмет көрсеткен. «Туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі проблемаларды жою мақсатында министрлік Қазақстанның әр аймағында туристік саланы дамытуға жан-жақты талдау жасап, туристік объектілерді паспорттауға кірісті.
Маңғыстау облысында туристік кластерді құру, Ақмола облысының Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту және "Менің Отаным - Қазақстан" республикалық туристік экспедициясын ұйымдастыру мақсатында Үкімет шешімдері қабылданды. Қазақстанның тартымды туристік имиджін қалыптастырудың басты құралы болып табылатын шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы тур өткізу жалғасуда. Осыған орай, 2008 жылғы маусым айында Канада, Голландия, Испания, Оңтүстік Корея, Греция, Америка, Жапония және тағы басқа елдердің жетекші басылымдарының өкілдері үшін кезекті ақпараттық тур өткізілген болатын.
Аталған шараның негізінде әлемнің бірнеше тілінде жыл бойына Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы телесюжеттер, деректі фильмдер және материалдар жарық көрді. CNN, ВВС, "Евроньюс" және "Дискавери" телеарналарында бейнероликтер көрсетуге үлкен мән беріліп отыр. Сонымен бірге, біздің еліміз жыл сайын Мадрид, Берлин, Пекин, Сеул, Токио және Лондон қалаларында өтетін ірі халықаралық туристік көрмелерге қатысуда.
Министрліктің бастамасымен жыл сайын КИТФ - қазақстандық халықаралық туристік жәрмеңкесі және "Астана - демалыс" туристік көрмесі өтеді. Осы жылы еліміздің аймақтарында жоспарланған "Қазақстанның жеті кереметі" республикалық конкурсы еліміздің жаңа туристік бағыт ретіндегі алға басуына үлкен демеу болады. 2007 жылдан бастап Қазақстан алғаш рет Дүниежүзілік туристік ұйымы Атқарушы кеңесінің құрамына кіргені сіздерге белгілі. Осыған орай, Астана қаласында Дүниежүзілік туристік ұйымның 18-ші Бас Ассамблеясын өткізуге дайындық шеңберінде министрлік 2008 жылы Алматы қаласында ПРООН және ДСҰ-ымен бірге "Жібек жолы" қалалары басшыларының 3-ші форумын өткізді. Аталмыш форум халықаралық маңызы бар оқиға болды, ал қабылданған Алматылық декларация "Жібек жолы" елдерінің туристік өніміне инвестиция тартудың негізгі бағыттарын айқындап берді.
Министрлік "Ұлы жібек жолының" Қазақстан аумағында туристік инфрақұрылымның дамуына ерекше назар аударып отыр. Жергілікті атқарушы органдармен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы және Отырар ауданындағы туристік орталықтар жобасы бойынша жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайтын техникалық-экономикалық негіздеме және жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Алайда, министрліктің сұранысы Республикалық бюджеттік комиссияда қолдау таппады.
Сондай-ақ ұлттық және мәдени мұраларды насихаттайтын объектілерге инженерлік коммуникация салуға республикалық бюджеттен 2,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу қажет деп есептейміз. Ал туристік орталықтардың құрылысын жеке инвестициялар тарту есебінен жүзеге асыруға министрлік дайын екендігін білдіреді. Осы ретте, құрметті депутаттар, аталған мәселе сіздердің тараптарыңыздан қолдау табады деген үміттеміз. Министрлік туризм индустриясы үшін кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде үш жыл қатарынан Президенттің "Болашақ" бағдарламасы бойынша туристік сала үшін болашақ кадрларға білім беру жұмыстары жалғасып келеді.
Биылғы оқу жылында 45 студент "Туризм саласындағы менеджмент" және "Қонақ үй индустриясы саласындағы менеджмент" мамандықтары бойынша Ресейдің, Қытайдың, Францияның, Американың, Германияның, Жапонияның, Англияның және басқа елдердің жетекші оқу орындарында білім алуда. Сонымен қатар еліміздің қаржы дағдарысы экономиканың барлық секторына теріс әсерін тигізіп отырғаны бәріңізге белгілі. Сарапшылар мұндай жағдайда халықаралық келуші туристер саны қысқарып, халықаралық көлік компанияларының қызмет көлемі төмендейді деген болжамдар айтуда. Бұл жерде, құрметті депутаттар, сіздердің назарларыңызды осы мәселеге қатысты проблемаларға аударғым келеді. Ішкі және сырттан келушілер туризмін дамыту үшін маңызды шарт - әуе, темір жол, су және авто көлігінің барлық туристер үшін қол жетімді болуы.
Бұл жағдайда көршілеріміз Қытай, Ресей, Өзбекістанмен бәсекеге қабілетсіз екенімізді мойындауымыз керек. Осы орайда біз сіздердің және мүдделі мемлекеттік органдардың төмендегідей шараларды бірлесіп қабылдауын сұраймыз. Атап айтқанда: 1) темір жолында туристерді тасымалдау үшін "бәсекеге қабілетті" тарифті белгілеу және жаңа вагондарды сатып алу; 3) облыстардағы әуежайлардың халықаралық стандартқа сай болуын қамтамасыз ету; 4) әуедегі ұшу жолдарының географиясын кеңейту және туристік топтар үшін жеңілдетілген бағаларды қамтамасыз ету; 5) жаңа су көліктерін сатып алу арқылы Каспий теңізінде туристік круиздерді дамыту; Құрметті депутаттар! Министрлік жоғарыда айтылған мәселелерге қосымша келесі міндеттерді шешуге бел буып отыр: бірінші - туризм саласының тұрақты өсуін қамтамасыз ету; екінші - Каспий теңізінің жағалауында, Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Қапшағайда әлемдік деңгейдегі туристік орталықтарын құру үшін инвестициялар тарту; үшінші - әлемдік туристік саясаттың маңызды мәселелері талқыланатын Дүниежүзілік туристік ұйымның 18-ші Бас ассамблеясын өткізу.
Әлемнің төрт бұрышынан шақырылған 156 елдің қатысуымен өтетін туристік нарықтағы негізгі форум - Қазақстанды Орталық Азияның көшбасшылығына бір қадам жақындататын, әлемге жаңа туристік бағыт ретінде танытатын ерекше тарихи оқиға болып табылады. Аталған іс-шара біздің мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделінің өсуіне оң ықпалын тигізетініне сенемін. Құрметті депутаттар! Министрлік елдегі дене шынықтыру және спортты дамыту мәселелері бойынша статистикалық талдау жұмыстарына баса назар аударып отыр. Талдау қорытындысы бойынша республикадағы бұқаралық спортты дамытудағы негізгі көрсеткіштердің өсу қарқыны жақсы екендігін атап айтқым келеді. Өткен кезеңде дене шынықтыру және спорттың материалды-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Нәтижесінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданатындардың саны 95 мың адамға өсіп, жалпы саны екі жарым миллионға жетті, яғни республика халқының 15,3 пайызын құрады. Елімізде жыл сайын Президенттік тесттерді тапсырудың айлығы өтеді. 2008 жылы бұл шараға 2,5 миллион адам қатысты. Сонымен қатар, барлық қалалар мен аудандарда "Президент милясы - денсаулыққа төте жол" республикалық жүгіру жарыстарын өткізу дәстүрге айналды. Аталған іс-шараға бір мезгілде 2 миллионнан аса адам қатысты.
Министрлік өткен жылдан бастап оқушылардың жазғы және қысқы спартакиадасы, спорт ардагерлерінің спартакиадасы, "Алтын шайба", "Былғары доп" балалар турнирлері, "Спортшылар отбасы" республикалық жарысы секілді ұмытыла бастаған дәстүрлерді қайта жандандыруға кірісті. Қазақтың ұлттық мұрасы - қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ секілді ерекше тартымды спорт түрлерін дамыту үшін бар мүмкіндікті жасаудамыз. Қазіргі уақытта ұлттық спортпен 200 мыңнан аса адам шұғылдануда. 2008 жылы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы спорт клубтары мен ұйымдардың қатары өсті. Балалар спорт мектептерінің 415-ке дейін көбейіп, 226 мың баланы қамтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, республикамызда 4 мыңға жуық дарынды балалар шұғылданатын 15 мектеп-интернат қызмет істейді. Болашақ олимпиадаға қатысушылардың дайындығы қазірден бастап жүйелі болуын ескере отырып, елімізде 7 республикалық олимпиадалық даярлау орталықтары құрылды.
Спортшыларды халықаралық жарыстарға сапалы даярлау мақсатында заман талаптарына сай спорттық ғимараттар пайдалануға берілді. Атап айтқанда: - Астана қаласындағы ұлттық теннис орталығы; - Алматы қаласында үш залды "Шаңырақ" спорт комплексі. Бұл комплексте бокс орталығы және 50 метрлік жүзу бассейні бар. Келесі ғимараттардың құрылысы аяқталуда: - Астана қаласында 30 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы; - әлемнің ең үздік жобасымен салынып жатқан велотрек; - Щучинск қаласындағы шаңғы-биатлон стадионы; - Алматы облысындағы Республикалық олимпиадалық даярлық базасының орталығы.
Спорт саласы үшін мамандар дайындауды жетілдіру жұмыстары жалғасын табуда. Осыған орай Президенттің "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде алғаш рет 17 студент "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша Ресей, Германия, Қытай және басқа елдердің жетекші оқу орындарында білім алуда. Сонымен қатар, ағымдағы оқу жылында министрлік үш жылдық бағдарлама бойынша 26 жас футболшыны Бразилияға оқуға жіберді. Құрметті депутаттар! Олимпиада алауы эстафетасының әлемнің 22 қаласының ішінде Алматыдан басталуы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірінші болып факел ұстауы - біз үшін аса маңызды оқиға болды. Президентіміздің Пекиндегі Олимпиада аулында ұлттық команда мүшелерімен кездесуі - Қазақстан спортшыларының ел алдындағы жауапкершіліктерін күшейтті десек, қателеспейміз.
Өткен Үкімет сағатында сіздер қазақстандық спортшылардың Пекин олимпиадасында биік белестерге қол жеткізуіне тілек білдіргенсіздер. Құрметті депутаттар, тілектеріңіз орындалып, Пекинде еліміздің ұлттық құрама командасы Олимпиаданың 13 медалін қанжығасына байлап қайтты. Медальдардың жалпы саны бойынша Қазақстан 205 елдің ішінде 19-шы орынға ие болды. Еліміздің тарихында бұл ең биік көрсеткіш. Ресми емес, жалпы командалық есепте Қазақстан құрама командасы әлемнің үздік отыз мемлекеттері қатарына кіріп, 29-шы орынды иеленді. Осы орайда, Қазақстанның спорт саласында әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына еркін кіргенін мақтанышпен айтқым келеді. Ел спортшыларының жоғары нәтижелерге қол жетуіне Елбасының спорт саласына қамқорлығының жемісі екенін айтуымыз керек.
Бүкіл мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі - 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында 7-ші қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде өткізу. Қысқы ойындарды өз дәрежесінде өткізсек, Қазақстанның мәртебесі өседі, қысқы спорт түрлерінің инфрақұрылымы дамып, елімізге келетін туристердің саны артады. Осыған орай, бұқаралық спортты дамыту, ең алдымен дені сау ұлттың қалыптасуына, мыңдаған балалардың зиянды әдеттерден бас тартуына, сондай-ақ жоғары жетістіктер спортын дамытудың негізін құруда ерекше роль атқаратындығын баса айтқым келеді. Мемлекет басшысының 2008 жылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымының қол жетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Еліміздің аудан, қалаларында әлі күнге дейін спорт комплекстерін салу өз деңгейінде емес. Алайда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты дене шынықтыру комплекстерін салуға берілген министрліктің сұраныстары Республикалық бюджет комиссиясы тарапынан қолдау таппады. Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы "Дағдарыстан жаңару мен дамуға" Қазақстан халқына Жолдауында ауруханалар мен мектептердің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты міндеттер қойылды.
Осыған орай, министрлік Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп мектептердегі спорт залдарын жөндеуге, әсіресе ауылдағы мектептерге спорттық жабдықтар сатып алуға айрықша назар аударуға бел буып отыр. Республикамызда әлі күнге дейін бұқаралық спорт және жоғары жетістіктер спортының мәселелері жөнінде ғылыми-методикалық орталық жоқ. Спорт проблемалары жөнінде ғылыми-зерттеу институтын ашу мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінде тұр. Министрлік әлемдік дағдарысқа қарамастан туризм және спорт үшін стратегиялық маңызы бар мәселелердің шешімін табуға күш салуда. Сонымен қатар, экономикалық жағдайды ескере отырып, министрліктің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында көрсетілген күрделі мәселелерді сіздердің, құрметті депутаттар, қолдауларыңызбен шешуді жоспарлап отырмыз.
Құрметті депутаттар! Министрліктің 2009 жылғы дене шынықтыру және спортты дамыту саласындағы негізгі міндеттері келесі: - Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спортты дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру; - 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын өткізу үшін Астана және Алматы қалаларында спорт объектілерінің құрылысын жалғастыру; - 2010 жылы Ванкувердегі (Канада) 21-ші қысқы Олимпиада ойынында, 2010 жылы Қытайдың Гуанджоу қаласындағы 16-шы жазғы Азия ойындарында, 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында өтетін 7-ші қысқы Азия ойындарында және 2012 жылы Лондон қаласында (Ұлыбритания) өтетін 30-шы жазғы Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуін қамтамасыз ету.